"МобилСервисГруп" мекемесінің наразылыққа шыққан жұмысшыларының алтауы жұмысқа шықты. Басқа да жұмысшыларға түсіндіру жұмысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"МобилСервисГруп" мекемесі әлеуметтік желіде жарияланған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты.
Қаражанбас кен орнында наразылыққа шыққан «МобилСервисГруп» ЖШС жұмысшылары әлеуметтік желіде тараған видеода «бізден ешкім хабар алып жатқан жоқ» деп айтқан.
"Алайда наразылық басталғаннан бері мекеме директоры кенорында жұмысшылардың жағдайын қадағалап жүргенін мәлімдейміз" , -дейді мекеме басшылығы.
Бұдан бөлек, 16 ақпан күні «МСГ» ЖШС басшылығы, Маңғыстау облыстық еңбек инспекциясының өкілдері, кәсіподақ өкілдері Қаражанбас кенорнында наразылық білдіріп тұрған жұмысшылармен кездесу өткізген.
"Сондай-ақ, наразылыққа шыққан жұмысшыларға жатын орынға кіруге, асханадан ыстық тамақ ішуге тыйым салынбаған. Бұдан бөлек, қызметкерлер наразылыққа шыққаннан осы уақытқа дейін түнде жатын орындарында ұйықтап, бөлмелерінде ас-суын ішіп келіп жүр" ,- делінген мекеме хабарламасында.
Наразылықта тұрғандардың негізгі талабы – осыған дейін еңбек шарты бұзылған қызметкерлерді қайта жұмысқа алу. Бұл талап Маңғыстау облысының еңбек инспекциясында заңды тұрғыда қаралып жатыр.